(Эссе)
Ғұлама әл Фарабидің тәуір тәмсілі бар: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Демек, оқу мен тәрбиені бір-бірінен бөліп-жара алмаймыз. Ал ол екеуінің іргетасы қаланатын баспалдақ – балабақша. Еліміздің ертеңі – бүлдіршіндердің білімді, жан-жақты болып өсуіне тәрбиешілер тікелей жауапты.
Бала – гүл, тәрбиеші бағбан іспетті. Гүлді күтіп-баптасаң ғана жайқалып өседі. Бала да дәл солай. Қалай тәрбие берсең, өскенде соның қарымын қайтарады. Сондықтан тәрбиешіден заман талабына сай кәсіби, білімді һәм сергек саналы болу талап етіледі. Технологияның озық жетістіктерін пайдалану, баланың қарым-қабілетін дамыту, мүмкіндіктерін іске асыру да – біздің жұмысымыздың аса маңызды бөлшегі.
Бүгінгі балалар кішкентай күнінен-ақ смартфонға әуес. Мұның ттиімді жақтары барын да мойындауымыз керек. Ақпаратты тез қабылдайды, есте сақтау қабілеті жоғарылайды. Олардың бойынаа тәлім-тәрбие нәрін сіңіруде жаңартылған педагогикалық технология түрлерін қолдану қажет. Мұны біз өз қолданысымызда жүзеге асырып келеміз. Алайда айтқанда, ұдайы білім жетілдіру, озық педагогикалық тәжірибені меңгеру, тиісті әдістемелік шараларға жүгіну – жұмысымыздың бір парасы.
Бізге педагог болу аз. Баламен бала болу қажет. Олармен бірге ән де айтамыз, би де билейміз,, сан алуан кейіпкерлер кейпіне де енеміз. Осылай ғана кішкентайлардың көңілін аулап, оқу процесінің маңызын арттыра аламыз. Жас сәбидің қоршаған ортаны тануға құштарлығын оятып, мінез-құлық, ерік-жігерін қалыптастыруға үлес қосамыз.
Ойын түрінде білім беру сабақтың сәнін келтіріп, баланың бойын сергітіп, ойын оятуға көмектеседі. Психологтардың айтуынша ойын кезінде бала өзін қалай ұстаса, ертеңгі күні еңбекте сондай болады. Педагог А.Макаренко айтпақшы, тәрбиеші ойынға құмарлықты қанағаттандыруы тиіс: «Ойнау үшін уақыт бөліп қана қоймай, баланың барлық өміріне ойынды бере және сіңіре білуіміз қажет. Оның барлық өмірі ойыннан тұрады», - дейді ол. Айналасындағы дүниеге қызығушылығы, бәрін білсем деген талпынысы, еркін іс-қимылы да ойын арқылы қалыптасады.
Балалар үшін тәрбиешінің қалай сөйлегеніне дейін қызық. Осыған байланысты педагог сөйлеу тілін жетілдіріп отырғаны жөн. Мектеп жасына жетпеген жас өскіндер тілдік қарым-қатынас барысында негізінен ұлағатты мамандық иелеріне қарап бой түзейдіСол себепті олар сөздік қорын үнемі байытып отырса, тілі орамды болса, құба-құп. Бұл орайда әңгіме, ертегі, өлең, тақпақтарды мақамдап айтудың көмегі зор.
Сөзіміздің басында Әл Фарабидің сөзін мысалға келтірдік. Сол айтылғандай, балабақша ойнап, білімді дамытып қана кететін орта емес. Онда болашақ тұлғада болуы тиіс адамгершілік, еңбексүйгіштік, эстетикалық қасиеттер сіңіріледі. Ертегі, мақал-мәтел, жұмбақ-жаңылтпаш, айтыс өлеңдерін оқу процесінде қолдану сәби қиялына қанат бітіріп, боййында ізгі қасиеттер шоғырын қалыптастыра алады.
Тәрбиешілер бүлдіршіндерді әу бастан ұжымдық қатынасқа, ізденімпаздыққа, ұқыптылыққа баулиды. Бұл оның әрбір жұмыс күнінде, оқу ісінде, балабақша өмірінде айқын көрініс табады. Бала естігенін айтатынын, көргенін істейтінін, педагог балаға өз ісімен, сөзімен үлгі-өнеге. Сондықтан әрбір маман байқап сөйлеп, аяғын аңдап басуы тиіс. Жұмысқа қуанышты көңіл-күймен келіп, ширақтық танытуы да кішкентайлардың көңілін көтерері сөзсіз.
Ақын Мағжан Жұмабаевтан асырып айта алмаймыз. «Баланы тәрбиеші дәл өзіндей қылып емес, келешек заманына лайық қылып шығаруы қажет» дейді ол. Ақын тағы былай депті: «Мен дәрігерден гөрі тәрбиешілердің көп болғанын қалаймын. Себебі дәрігер ауырған жеріңді емдесе, тәрбиеші өн бойыңды емдейді». Мектепке дейінгі үздіксіз тәрбие ел ертеңіне ерекше үміт сыйлайды.
Болашақтың егесі – бүлдіршіндердің танымын кеңейтіп, оларды мектепке дайындау арқылы мен де өз-өзімді шыңдадым. Бір сөзбен айтқанда, бөбекжайда өткізген жылдарымды ең бағалы әрі бақытты сәтке балаймын.